Басқарма
төрағасының
сөзі
»
Құрметті әріптестер,
акционерлер, серіктестер,
инвесторлар мен стейкхолдерлер!
2022 жыл «KEGOC» АҚ үшін мерейтой жылы болды – бізге 25 жыл толды. Бұл жылдар ішінде біз Ұлттық электр торабын жаңғырту, жаңа электр жеткізу желілері мен қосалқы станцияларды салу жобаларын табысты іске асыру және тұрақты жұмыс істеу үшін қуатты іргетас құрдық. Біздің 25 жыл бойы бірлескен күш-жігеріміздің арқасында «KEGOC» АҚ қазіргі уақытта тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін озық стандарттарға сай келетін, ең заманауи энергетикалық жабдықты пайдаланатын тиімді компания болып табылады.
«KEGOC» АҚ өзінің экономикаға, экология мен қоғамға әсерінің маңыздылығын түсінеді және ұзақмерзімді құнын өсіруге талпына отырып, БҰҰ ТДМ мен ESG қағидаттарын ұстанумен ұзақ мерзімді кезеңде өзінің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. 2021 жылғы желтоқсан айында Директорлар кеңесі «KEGOC» АҚ-ның жаңартылған 2022-2031 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті. Даму стратегиясы Компанияны ұзақ мерзімді тұрақты дамытуға бағытталған, энергетикалық ауысуға және ЖЭК-тің энергетикалық жүйеге бірігуіне байланысты ғаламдық трендтердің әсерін, Қазақстандағы орта мерзімді перспективада электр энергиясы мен қуаты тапшылығының туындауы бойынша мәселелерді шешу қажеттілігін есепке алады. Бұл стратегиялық құжат сонымен қатар қазіргі заманғы инновациялық технологиялар мен цифрлы технологияларды, ҒЗТКЖ ендіру қажеттілігін, ESG қағидаттарын ұстануды есепке алады, экономиканы карбонсыздандыруға және еліміздегі экономикалық қарқынды қамтамасыз етуге байланысты процестерді қамтиды.
Сонымен 2022 жылы еліміз үшін әлеуметтік маңызы бар желілік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру жалғастырылды. Біз «Түркістан қаласын сырттан электрмен жабдықтау. Электр желілік объектілерді салу» жобасын аяқтадық, бұл жоба аясында 220 кВ «Орталық» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Осылайша, 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жай-күй бойынша «KEGOC» АҚ балансында кернеуі 35-1150 кВ, трансформаторларының белгіленген қуаты 38 992,9 МВА болатын 82 қосалқы электр станциясы бар.
Ақтөбе, Батыс және Сарыбай жүйеаралық тораптары филиалдарында 220-500 кВ әуелік электр жеткізу желілерін (ӘЖ) реконструкциялау жалғасты. Іске асырылатын жобалар қатарында 2023 жылы аяқталатын «Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр торабын күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасы тұр.
Компанияның барлық жобалары бюджеттік қаржыландырусыз өз жеке және қарыз қаражаты есебінен іске асырылуда. 2022 жылы қосымша қаржыландыру көзі ретінде «KEGOC» АҚ алғаш рет «жасыл» облигацияларды шығарды. Бүкіл әлемдегі инвесторлар ESG бұл инвестициялық шешімдерді қабылдаған кездегі маңызды фактор болып табылады деп есептейді және бұл Қазақстанда ESG жобаларын дамытуға бағытталған экономиканың нақты секторының отандық эмитенттері санын арттыру үшін себеп болады деп күтеміз.
Шетелдік инвесторлардың мүдделілігі Компанияның қаржы институттары алдындағы міндеттерін уақтылы орындауымен нығаяды. Мысалы, есептік жылы «KEGOC» АҚ Халықаралық Қайта құру және Даму Банкінен алған 46,3 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі қарызын 13 жылға ерте мерзімінен бұрын толығымен өтеді.
Көршілес мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс режимдерін басқару және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық табысты жүзеге асты. Энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастық, сонымен қатар елдерді өнеркәсіптік кооперациялау мәселелері 2022 жылғы шілде айында Астана қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Электр Энергетикалық Кеңесінің 60-отырысында талқыланды.
Қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен тәжірибесі – біздің Компанияның бұдан әрі табысты дамуының, күрделі техникалық және технологиялық міндеттерді шешудің кепілі болып табылады. Дәл сол себепті де 2022 жылы қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатқа басты назар аударылды. Есептік кезеңде персоналдың қызметақылары мен тарифтік мөлшерлемелері көтерілді, тоқсандық сыйақы мөлшері көбейтілді, соның нәтижесінде жылдық жиынтық кіріс жұмысшы персоналда 28%-48%-ға, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен мамандарда 15%-36%-ға және орта буын басшыларында 10%-15%-ға өсті.
2022 жылы Тұрғын үйді жеңілдікті несиемен алу бағдарламасы іске қосылды, бұл бағдарламаның мақсаты банктік қарызды жеңілдікті пайыздық мөлшерлеме бойынша беру арқылы біліктілігі жоғары кадрларды жұмыста қалдыру және тарту болып табылады.
Іске асырылған және жоспарланған іс-шаралар қызметкерлерді ынталандыруға қосымша импульс беріп, олардың әл-ауқатын арттыруға, сонымен қатар Компаниядағы корпоративтік мәдениет пен әлеуметтік тұрақтылықтың жоғары деңгейін сақтап тұруға мүмкіндік береді деп сенемін.
2022 жылы компанияның таза пайдасы 26,7 млрд теңгені құрады. Электр энергиясын жеткізу жөніндегі қызмет көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға артып, 58,6 млрд кВт·сағ құрады. Қызмет көлемі техникалық диспетчерлендіру бойынша 104,3 млрд кВт·сағ және электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру бойынша 203,1 млрд кВт·сағ құрады.
2022 жылдың соңында Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде энергияны тұтынудың айтарлықтай артқанына назар аударғым келеді. 2022 жылғы 7 желтоқсанда қазақстандық энергия жүйесі тарихында алғаш рет 16 459 МВт көлемінде тарихи максимум тіркелді, бұл ретте еліміздің электр станцияларының жиынтық генерациясы тек 15 203 МВт құраған болатын. Осындай жоғары жүктемелер кезінде «KEGOC» АҚ пайдаланатын Қазақстанның Ұлттық электр торабы штаттық режимде сенімді жұмыс істеді.
Компанияның акциялары 2022 жылы геосаяси шиеленіске және оның әлемдік қор нарығына тигізген әсеріне қарамастан, Қазақстан қор биржасында өз тұрақтылығын сақтады.
Жалпы «KEGOC» АҚ алға қойылған мақсаттарға жоспарлы түрде бағыт алып келеді. Команданың бірлесе жұмыс істеуі арқасында біз болашаққа сенімді түрде қарап, күрделі техникалық және технологиялық міндеттерді шешуге дайын болатынымызға және 2023 жылы «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының электр энергетикалық саласында өзінің көшбасшылық ұстанымын растайтынына сенімдімін.
Молдабаев
Қаныш
Тәңірбергенұлы
«KEGOC» АҚ Басқарма
төрағасы